Стать участником

«SAMGAU» фестивалі шымылдық түрді

Арқа төрінде бас қаланың 20 жылдығына арналған «SAMGAU» VI халықаралық театр фестивалі өз шымылдығын түрді. Алдағы бір апта бойы, маусым айының 10-ы мен 17-сі аралығында елорда театрларының сахнасында еліміздің және таяу шетел өнер ұжымдарының үздік қойылымдары көрермен назарына ұсынылады.

Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп келе жат­қан айтулы өнер дума­нының басты мақсаты – теат­р өнері саласында ынты­мақтастықты нығайту.  – Самғау сөзінің мағы­насы өте кең. Бүгінгі өнер дума­нының негізінде байланыс­тырсақ, онда бұл атау – өнер көгінде қалықтау, шабыттың шыңында жүру, әрдайым үздік болу деген мазмұнға саяды. Осы жылдар ішінде фестиваль өзінің басты міндеті – елорда мәдениетін дамыту және қазақстандық театр өнеріне деген қызығушылықты арттыру, шетелдік серіктестермен рухани-шығармашылық ын­ты­мақтастықты нығайту, гу­манитарлық байланыстар­ды кеңейту сынды алды­на қойған мақсаттарын абы­­рой­­мен еңсеріп келеді. Бү­гінде «SAMGAU» – отан­­­дық және әлемдік театр өнері ма­мандарының шығар­ма­шылық пікір алмасу алаңы ғана емес, сахна са­ласы қыз­меткерлері мен аста­на­лық өнер жанашырлары үшін әр жыл сайы­н асыға кү­те­тін сүйікті өнер мере­ке­сіне де айналып үлгерді. Сон­­дықтан фестивальдің бар­лық қатысушыларына сәт­тілік және жеңіс тілеймін, – деп өз құт­тықтауын жеткізді фес­ти­­валь­дің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Астана қала­сы әкі­мінің орынбасары Ермек Аманшаев. Бүгінде елорда мәде­ние­тінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерген «SAMGAU» ха­лықаралық театр фестивалі осыдан 6 жыл бұрын Аста­наның 15 жыл­дық мерейтойы­на орай, қала әкімдігінің қолдауымен өткізілген болатын. Бас шаһар мәдени-рухани өмірінің тынысымен таныстыруды мақсат тұтқан өнер думаны 2012 жылы қала күні қарсаңында тұңғыш рет өз шымылдығын түрді. Содан бергі 6 жыл уақыт аралығында фестиваль аясын кеңейтіп, мазмұнын байытып, бүгінде бас қаланың басты мәдени оқиғасына айналды.  Биыл фестивальға Сербия, Қырғызстан, Өзбекстан, Татар­­стан, сонымен қатар Петро­павл, Өскемен, Шым­кент және Астана театрлары – барлығы 12 өнер ұжы­мы қатысады. Сондай-ақ театр сүйер қауым фести­валь бағдарламасы аясында Қа­зақ ұлттық өнер универ­ситеті сту­денттерінің «Қозы Көр­пеш-Баян сұлу» және «РЭволюциЯ» атты қос бірдей өзін­дік жұмысын да та­машалай алады.  Астана қаласының 20 жыл­дығына арналған «SAMGAU» VI халықаралық театр фес­тивалінің тағы бір қуа­ныш­ты жаңалығы – фестиваль осы жылдан бас­тап атауы мен форматын өзгертті. Яғни бұған дейін «Сахнадан сәлем!» аталып келген өнер думаны биылдан бастап «SAMGAU» атауы­н иеленді. Сондай-ақ үздік атанған қойылымдарға арнайы жүлде қоры тағайындалды.

Фестивальға қатысып, үздік өнер көрсеткен ұжымдар: «Үз­­дік спектакль», «Үздік ре­­­­жиссура», «Үздік ер адам бей­­несі», «Үздік әйел адам бей­несі», «II пландағы ер адам бей­несі», «II пландағы әйел адам бейнесі», «Үздік суретші» ата­лымдарында және КСРО халық әртісі, Қазақстанның Ха­лық Қаһарманы Ә.Мәмбетов атындағы арнайы сыйлықпен ма­рапатталатын болады.  Астана қаласы Жастар теа­тры ұсынған Н.Гогольдің «Ре­визор» трагифарсымен (спек­­такльдің қоюшы режис­сері – Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері Нұр­қанат Жа­қыпбай) ашылған мәдени шара бір апта бойы Астана төрін театр өнерінің думанына бөлейтін болады. Назерке ЖҰМАБАЙ,  «Егемен Қазақстан»

Толығырақ: https://www.egemen.kz/article/170269-samgau-festivali-shymyldyq-turdi